Өзбекстанда инспекторды соққыға жығып, көлігінің терезелерін сындырғандар қамауға алынды

Самарқанд қаласындағы жанжал туралы қоңырауға жауап ретінде пәтерге барған профилактикалық инспекторды үй иелері ұрып-соққан деп хабарлайды Kaziform агенттігі Gazeta.uz сайтына сілтеме жасап.

Фото: Самарқанд облысының IIБ

Сондай-ақ профилактикалық инспекторға тиесілі көліктің терезелері сынған. Қылмыстық іс қозғалып, 2 азамат қамауға алынды.

Сол күні сағат 19:30-да қаланың Бунёд кентінде тұратын азамат М.Р. 102 операторына хабарласып, пәтердегі төбелес туралы хабарлап, инспекторды жіберуді сұраған.

Осыған сәйкес профилактикалық инспектор А.Т. шақырту түскен мекенжайға барған.

«Ол жерде инспектор Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша сотталған азаматтар М.Р., оның әпкесі, күйеуі және ағасы өзара жанжалдасып жатқанын көріп, оларды ажыратып, жанжалды тоқтатуға әрекеттенген. Алайда, азаматтар профилактикалық инспекторға белсенді түрде қарсылық көрсетіп, оны ұрып-соғып, денесін жарақаттаған. Сондай-ақ инспекторға тиесілі Spark автокөлігінің алдыңғы терезесін сындырып, материалдық шығын келтірген», – делінген ІІБ хабарламасында.

Аталған азаматтарға қатысты Қылмыстық кодекстің 219-бабының 2-бөлігі (Билік өкіліне немесе оның азаматтық борышын өтеп жүрген адамға қарсылық көрсету) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, азаматтардың бірі процессуалдық тәртіпте ұсталды, тағы бір азамат үйқамаққа алынды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Жоғарыда аталған бап бойынша кінәлі деп танылған адамдар 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.