Өзбекстанда ірі газ кен орны табылды

Фото: Pexels

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстанда 6500 метр тереңдікте орналасқан ірі газ кен орны табылды. Мұны Ташкент облысының ұстаздарымен кездесу барысында көршілес елдің басшысы Шавкат Мирзиёев айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

— Өзбекстан тарихында тұңғыш рет Үстірт өңірінде тереңдігі 6500 метр болатын ұңғыма бұрғыланды. Ол жерден табиғи газдың ең ірі қоры анықталды, — деді Шавкат Мирзиёев.

Оның атап өтуінше, бұл уақытқа дейін Өзбекстанда геологиялық барлау жұмыстары тек 2500-3000 метр тереңдікте жүргізіліп келген.

— Бұл ресурстардан дайын тауар жасау үшін бізге ең алдымен ғылым, білім және инновация қажет, — деді президент ұстаздармен кездесу барысында.

Шавкат Мирзиёевтің айтуынша, Өзбекстанда теллур, литий, графит, молибден, вольфрам, титан және басқа да металлдардың ірі қоры бар.

Еске салайық, биыл 6 айда Өзбекстанда газ өндірісі 3,1 пайызға төмендеді. Сондай-ақ, қамтылып отырған аралықта ресми Ташкент шет мемлекеттерден 571 млн долларға газ импорттады.