Өзбекстанда референдумға қатысатын сайлаушылар тізіміне 600 қазақстандық енді

Фото: Алихан Асқар/Kazinform

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан астанасында орналасқан Қазақстан елшілігінің жанындағы референдум учаскесінде АЭС құрылысы жөніндегі референдумға белсенді дайындық  жүріп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар. 

«Республикалық референдумға қызу дайындық жүріп жатыр. Екі дауыс беру кабинасы мен жәшіктер қойылды. Сайлаушылардың тізімі негізінде тіркеуге алынған 600 қазақстандық бар. Шет мемлекеттердегі ең ірі референдум учаскелерінің бірі Ташкентте орналасқан. Бұған қоса, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйде таңдау жасауы үшін жағдай жасалып, жыжымалы жәшіктерді жеткізетін топтар жасақталды. Дегенмен әзірге мұндай өтініш түспеді. Жалпы, Өзбекстандағы барлық Қазақстан азаматтарымен байланыстамыз», - деді №399 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Жаслан Искаков.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Оның атап өтуінше, № 399 референдум учаскесіне Ташкенттегі жоғары оқу орындарында оқитын студенттер, Өзбекстанда уақытша жұмыс істейтін және тұратын отандастарымыз, қазақстандық туристер мен іссапарда жүрген азаматтар келеді деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Ташкенттегі №399 референдум учаскесі Қазақстан Республикасының елшілгі ғимаратында (Абай көшесі, 1) орналасқан. Онда дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 7:00-де басталып, 20:00-де аяқталады. 

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform