Өзбекстанда шетел валютасына сұраныс 20,1 пайыз өсті

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Биыл қаңтар-мамыр айлары аралығында өзбекстандықтар жалпы сомасы 25,7 млрд доллар шетел валютасын сатып алды. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20,1% көп, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Фото: gazeta.uz

Орталық банктің мәліметінше, әсіресе, бизнес тарапынан сұраныс артып келеді. Бес айдың ішінде заңды тұлғалар - 20,2 млрд доллар, ал тұрғындар 5,5 млрд доллар сатып алған.

Сатып алумен қатар шетел валютасын сату көрсеткіштері де өсті. Атап айтқанда, маусым айының басында компаниялар мен өзбекстандықтар 22,3 млрд долларды банктерге өткізген. Бұл былтырмен салыстырғанда 5 млрд долларға артық.

Еске салайық, бір апта бұрын Өзбекстан Орталық банкінің Басқармасы базалық мөлшерлемені жылдық 14% деңгейінде сақтап қалу шешімін қабылдады.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің айтуынша, биыл елдің ішкі жалпы өнім көлемі 180 млрд доллардан асады.