Өзбекстанда төрт жылда 200-ге жуық адам дәріден уланып, көз жұмды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан парламентінің Заң шығару палатасы елде дәрі-дәрмектің заңсыз айналымын шектеп, бақылауды күшейтуге бағытталған заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Заң жобасын талқылау барысында депутат Тохир Полвонов 2021-2024 жылдар аралығында Өзбекстанда дәрі-дәрмектен 18 мыңнан астам адам уланып, оның 177-сі қайтыс болғанын айтты.
Тиісінше, мәселенің шешімі ретінде жазаны қатаңдату ұсынылып отыр. Енді құрамында адам ағзасына күшті әсер ететін қоспалары бар дәрілерді заңсыз сатқандар екі есе көп айыппұл төлемек. Ал препараттарды рецептсіз өткізетін дәріханаларға салынатын айыппұл 10 есе өсуі мүмкін.
Сонымен қатар, қайталанып жасалған заңға қайшы әрекеттер үшін кінәлілер қылмыстық жауапқа тартылады. Атап айтқанда, олар 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы ықтимал.
Заң жобасы Сенатқа жолданды. Енді оны парламенттің жоғары палатасы мақұлдайды, кейін құжат қол қою үшін президентің қарауына енгізіледі.
Қоса кетейік, жыл басынан бері 5 мыңнан астам қазақстандық Өзбекстанда ем алған. Сондай-ақ, Қазақстан мен Өзбекстан денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты тереңдете түсуге мүдделі.