18:49, 27 Сәуір 2009
Өзбекстанда ұсталған Қазақстан азаматтарын елге қайтару үшін барлық қажетті шаралар қабылданатын болады - ҚР СІМ
АСТАНА. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Өзбекстанда ұсталған Қазақстан азаматтарын елге қайтару үшін барлық қажетті шаралар қабылданатын болады.
Бұл туралы бүгін Астандағы апталық брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Қазіргі уақытта ҚР Сыртқы істер министрлігі, Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігі, еліміздің құқық қорғау органдары бірлесіп жұмыс жүргізуде. Бұл мәселені шешу үшін барлық қажетті шаралар қабылданатын болады», - деді брифингте Е. Ашықбаев. Өзбекстан аумағында Қазақстан азаматтарының ұсталғаны туралы ақпарат түсісімен Сыртқы істер министрлігінде тиісті жұмыс тобы құрылғанына тоқталған ресми өкіл: «Өзбекстанның тиісті мемлекеттік органдарымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл мәселе құқықтық нормалар негізінде шешілуі тиіс. Оның нәтижесі қосымша хабарланатын болады», - деді. ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Қазақстан азаматтарының шын мәнінде Өзбекстан аумағында ұсталғанын, Өзбекстан тарапынан тиісті түсініктеме алынғанын, онда қазақстандықтардың шекарадан өзбек аумағына 8 шақырымдай өтіп кеткені айтылғанын жеткізді.