Өзбекстанда ұстауда болған ақтөбеліктер үйлеріне оралды

None
АҚТӨБЕ. Шілденің 1-і. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Бүгін «Маңғыстау-Ақтөбе» пойызымен Өзбекстанда ұстауда болған ақтөбеліктер оралды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз бостандыққа шығудан күдерімізді үзе бастаған едік, өзбекстандық түрмеде ұстау жағдайы өте ауыр болды. Бүгінде біз өзімізге көмектескендердің бәріне - Ақтөбе облысының әкіміне, елшілік өкілдеріне, ҚР Сыртқы істер министрлігіне, ел Президентіне алғысымызды айтқымыз келеді, олардың араласуы арқасында біз үйімізге оралып отырмыз», - деді ұсталған 27  адамның ішіндегі ең  үлкені, 60 жастағы Төлендік Ғаббасов.

Олардың туған қалаларына жеткенше тағаттары қалмады, көбісі Қандыағаш стансысынан түсіп қалып Ақтөбеге автомашиналармен төтелеп тартты.

Сонымен қатар ақтөбеліктер өзбекстандық соттың олардың техникаларын тәркілеу және 10 мың доллар айыппұл салу жөніндегі шешімімен келіспейтіндігін білдірді. Олардың әрқайсысы үшін бұл машиналар өмір сүру көзі, біреулері машинаны жалға алған, енді бірі көлікті несиеге алған. Айталық Өзбекстанда қалған «КамАЗ»-ды Төлендік Ғаббасов жалға алып, алты баласын асыраған және 12 немересіне көмектесіп отырған.

Қамауда болған Батырбек Әбілов олар өздерінің тапсырыс берушілерін сотқа бермекші және өздеріне тиесілі техникаларды қайтарып алуға әрекет ететіні туралы айтты.