Өзбекстанда вакцина қатерінен сақтандыру жүйесі енгізіліп жатыр

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Өзбекстанда вакцина қаупінен сақтандыру жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл туралы Өзбекстан республикасы Ақпарат және коммуникациялар агенттігінде өткен брифингіде «Өзагросугурта» АҚ ақпараттық қызметінің басшысы Шухрат Кобилов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ол «UZINSURANCE» сақтандыру компаниясы – Өзбекстанда вакцина алған адамның еңбек қабілетінен айырылу немесе өлімнен сақтандыруды енгізіп жатқан алғашқы компаниялардың бірі екенін атап өтті.

«Сақтандыру полисінің құны 5 және 10 мың сум, ал сақтандыру жауапкершілігі – 25 млн және 50 млн мың сум (1-2 млн теңге). Сақтандыру келісімшартын рәсімдеу үшін жеке куәландыру құжаты мен вакциналау процесіне қатысты ақпарат қажет», - деп мәлімдеді спикер.

Еске сала кетсек, Өзбекстанда вакциналау науқаны 1 сәуірде басталған. 4 вакцина егіліп жатыр. Еуропалық AstraZeneca вакцинасы, қытай-өзбек ZF-UZ-VAC2001 вакцинасы, ресейлік «Спутник-V» және 1 тамыздан бастап американдық Moderna. Бүгінде елде вакцинаның 12 миллионнан астам дозасы қолданылған.

Эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуі байланысты Өзбекстанда 3 тамыздан бастап жұмыс істейтін тұрғындардың міндетті түрде вакцина алуының құқықтық негізін бекіткен заң қабылданды.


Авторы Мәдибек Жәнібеков