Өзбекстанда вакцинация науқаны басталғалы 2 млн доза екпе салынды

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Өзбекстанда COVID-19 вирусына қарсы вакциналау науқаны басталғалы екпенің екі миллион дозасы пайдаланылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, 1 маусымдағы жағдай бойынша, елде вакцинаның 2 069 518 дозасы қолданылды. Кеше 119 120 азамат екпе жасатты.

Бұл ретте вакцинаның бірінші дозасын 1 354 785 адам салғызған, вакцинаның екінші және үшінші компонентін (ZF-UZ-VAC2001 қытай-өзбек вакцинасы үш дозамен енгізіледі) тиісінше 714 239 және 494 өзбек азаматы ектірді.

Рекордты Ферғана облысы орнатқан, онда дүйсенбі күні 14 400-ден астам адам екпе салдырған.

Осылайша, аймақ вакцина алғандар саны жағынан көш бастап тұр (268 706 адам).

Рейтингтің екінші орнында Наманған облысы тұр – кеше онда 14 107 адам вакциналанған. Аймақта барлығы 244 230 екпе жасады.

Үшінші орында – Әндіжан облысы (барлығы 235 031 адам екпе салдырды).

Еске сала кетсек, Өзбекстан елінде екпе салу науқаны 1 сәуірде басталған.

Вакциналау үш препаратпен жүзеге асырылуда: еуропалық AstraZeneca вакцинасы, Қытай мен Өзбекстанның бірігіп шығарған ZF-UZ-VAC2001 вакцинасы және ресейлік «Спутник-V».

Елде үш айдың ішінде 4 миллионнан астам адамға екпе жасату жоспарланып отыр.