Өзбекстанда заңсыз діни білім беретін мектеп ашқан азамат ұсталды

Фото: Өзбекстанның Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстанның Самарқанд облысына қарасты Үргіт ауданында балаларға заңсыз діни білім берумен айналысқан мектеп анықталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің мәліметінше, 35 жастағы Ферғана облысының тұрғыны Үргіт ауданындағы жеке үйлердің бірін жалға алып, онда 7 балаға діни дәріс берген. Ұйымдастырушының тиісті діни білімі мен жауапты органдар тарапынан берілетін рұқсат құжаттары болмаған.

Сәйкесінше, ер адамның үстінен «Діни білім беру тәртібін бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол қамауға алынды, қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Ташкент облысында 15 балаға заңсыз діни білім берумен айналысқан өзбекстандықтар ұсталған еді.

Қоса кетсек, Өзбекстанда енді шетелдегі қарулы қақтығыстарды жарнамалағандар жауапқа тартылады.