Өзбекстанда жанармай мен газ өндірісі төмендеді

Фото: Freepik

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Қаңтар-тамыз айлары аралығында Өзбекстанда газ - 7%, ал жанармай өндірісі 14%-ға төмендеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Сегіз айда Өзбекстанның ірі кәсіпорындары 28,9 млрд текше метр газ өндірді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,2 млрд текше метрге аз.

Сондай-ақ, қамтылып отырған аралықта көршілес елде 770,3 мың тонна жанармай өндірілді. Былтыр осы кезеңде Өзбекстанның мұнай өңдеу зауыттары 898,3 мың тонна көлік отынын шығарған болатын.

Фото: «Азиялық газ құбыры» ЖШС

Бұл ретте Өзбекстан Түркіменстан және Ресейден импорттаған газ үшін 885,9 млн доллар төледі. Ал көгілдір отынның Қытайға экспортынан түскен пайда 494,7 млн доллар шамасында. Осылайша, импорт пен экспорт арасындағы теріс сальдо 390 млн доллардан асты.

Газдың көлемі төмендегенімен, көршілес мемлекет көмір өндірісін арттырды. Атап айтқанда, өзбекстандық шахтерлер сегіз айда 4,7 млн тоннадан астам қатты отын қазып алды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 300 мың тоннаға артық.

Еске салайық, бұған дейін Өзбекстанда газ өндірісі 3,1 пайызға төмендегенін жазып едік. Сонымен бірге, таяуда Ташкент облысының ұстаздарымен кездескен көршілес елдің басшысы Шавкат Мирзиёев Үстіртте ірі газ кен орны табылғанын мәлімдеді.