Өзбекстанда жемқорлық үшін сотталғандардың реестрі құрылады

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қосымша шаралар туралы» заңға қол қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Фото: Norma.uz

Құжатта көрсетілгендей, енді сот шешімімен сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамдардың реестрі құрылады. Оны жүргізуге Ішкі істер министрлігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жауапты болады.

Сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін сотталушы туралы дерек 3 жұмыс күні ішінде тізімге енгізілуге тиіс. Бұл азматтарға қатысты бірнеше шектеу қолданылады. Атап айтқанда, оларға мемлекеттік қызметке орналасуға және мемлекеттік наградалар алуына тыйым салынады.

Сонымен қатар реестрге енгізілгендер мемлекеттік органдар мен ведомствоаралық құрылымдар жанындағы Қоғамдық кеңестерге мүше бола алмайды. Бұған қоса, олардың мемлекеттік компаниялар мен оқу орындарында басшылық лауазымдарда жұмыс істеуіне рұқсат етілмейді.

Еске салайық, Өзбекстанда жемқорлықтың алдын алу үшін шенеуніктерді түрмелерге апару тәжірибесі енгізілді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, былтыр Өзбекстанда жемқорлыққа барған 252 әкімдік қызметкері қылмыстық жауапқа тартылды.

2025 жылы Өзбекстанда 5 мыңнан астам жемқорлық қылмысы анықталды. Ал 2024 жылы Өзбекстанда жасалған жемқорлық қылмыстары мемлекетке $228 млн залал келтірді.