Бастаманы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Ішкі істер министрлігі бірлесіп іске асырып жатыр. Мұндай алғашқы сапар 17 маусымда бірнеше мемлекеттік ведомствоның қызметкерлеріне ұйымдастырылды. Шенеуніктер тергеу изоляторы және түрмелердегі күдіктілер мен сотталғандарды ұстау жағдайларымен танысты.
Бұған қоса олар сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталған адамдармен кездесті. Әңгімелесу барысында шенеуніктерге сотталғандардың заңға қайшы әрекеттері олардың өз өміріне және кәсіби қызметіне, қоғамдық мәртебесіне қалай әсер еткені туралы мысалдар айтылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің мәліметінше, мұндай іс-шаралар мемлекеттік қызметшілердің санасында жемқорлыққа төзбеу қағидатын қалыптастыру және заң үстемдігін нығайтуға бағытталған.
Алдағы уақытта осындай профилактикалық сапарлар өзге де министрлік қызметкерлері үшін тұрақты негізде ұйымдастырылады
Еске салайық, былтыр Өзбекстанда жемқорлыққа барған 252 әкімдік қызметкері қылмыстық жауапқа тартылды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2025 жылы Өзбекстанда 5 мыңнан астам жемқорлық қылмысы анықталды. Айта кетейік, 2024 жылы Өзбекстанда жасалған жемқорлық қылмыстары мемлекетке $228 млн залал келтірді.