Өзбекстанда жыныстық сипаттағы қылмыстар үшін үш айда 318 адам жаза арқалады

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Биылғы үш айдың ішінде Өзбекстанда жыныстық сипаттағы қылмыстар үшін 318 адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Фото: Kazinform

«ӨР Қылмыстық кодексінің 41-1-бабы бойынша (Жыныстық қол сұғушылық) 318 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде 97 адамға айыппұл салынса, 221-і әкімшілік қамауға алынды», - деп мәлім етті Өзбекстан Жоғары сотының баспасөз хатшысы Азиз Абидов.

Ведомствоның дерегіне сай, Қылмыстық кодекстің 141-3-бабы (Адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін және жеке басқа қатысты мәліметтерді жария ету) бойынша 40 адам қылмыстық жауапқа тартылған. Атап айтқанда, 13 адам бас бостандығынан айырылды, ал 27 тұрғынға өзге жазалар тағайындалды.

Еске салайық, былтыр Өзбекстанда жыныстық қол сұғушылық қылмыстарына қатысы бар 666 адамға түрлі жаза кесілген болатын.

Сондай-ақ, үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында Өзбекстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған 4 477 адам әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылды.