Өзбекстанда жол ережесін жиі бұзатындар енді көлік басқару құқығынан айырылады
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев жол ережелесін жиі бұзатын жүргізушілердің әрекетін балдық жүйемен бағалауға бағытталған заңға қол қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Әділет министрлігінен мәлім еткендей, өзгеріске сай, жол ережесін сақтамаған жүргізушілерге негізгі жазамен қатар, айып балы қолданылады. Яғни, инспекторлар заңға қайшы әр әрекетке 2 балдан аспайтын мөлшерде баға береді.
Тиісінше, егер бір жыл ішінде олардың көлемі 12-ден асса, жүргізуші 6 айдан 3 жылға дейінгі мерзімге көлік басқару құқығынан айырылады.
Жол ережесін бұзғандардың балы бір жыл бойы сақталады, егер осы аралықта ол 12-ден аспаса, онда есеп жойылады.
Еске салайық, бұған дейін Өзбекстанда автобус жолағына түскен көлік жүргізушілеріне айыппұл салынуы мүмкін екенін жазып едік.
Былтыр мас күйінде көлік басқарған 31,3 мың өзбекстандық әкімшілік жауапқа тартылды.
Қоса кетсек, таяуда сенатор Марат Қожаев жол ережесін жиі бұзатын қазақстандықтарға айыппұл төлеуде 50% жеңілдік ұсынбау керектігін айтты.