АСТАНА. UZA-ҚазАқпарат – Өзбекстанда 1 желтоқсаннан бастап жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілерге шара қолдану бағытында айып-бал жүйесі енгізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат UZA агенттігіне сілтеме жасап.
Аталған жүйе ел Президентінің биылғы 4 сәуірде жарияланған «Адам қауіпсіздігін сенімді қамтамасыз ету және автомобиль жолдарындағы өлім-жітімді күрт қысқарту шаралары туралы» қаулысына сәйкес енгізілгелі отыр.
Атап айтқанда, 12 ай бойы жол қозғалысы ережесін бұзған сайын жүргізушіге айып-бал беріледі. Мәселен, мынадай тәсілмен: жылдамдықты асырса – 1 балл, бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кетсе – 3 балл. Егер салынған айып-бал саны 12-ден асып кетсе, жүргізуші белгілі бір уақытқа көлік құралын жүргізу құқығынан айырылады.
Ал, белгіленген мерзімде жол қозғалысы ережелерін бұзбаған жүргізушілер айып-балдарын қысқарту арқылы көтермеленеді.
Гүлнұр Ғазизқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің түлегі. Еңбек жолын «Қазақ әдебиеті», «Сақшы» газеттерінен бастаған. «Дала мен Қала» республикалық қоғамдық-саяси апталығында тілші, жауапты хатшы болып істеді. «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының тілшісі, «Қазақстан» Ұлттық арнасының Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі, Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы, «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы директорының орынбасары – бас редакторы болды.
Ақпарат саласының үздігі.
«ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылғы 1 сәуірден бастап істейді. Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі басқарушы директорының орынбасары – қазақ редакциясының бас редакторы.