Өзбекстанда жүргізілген халық санағының алдын ала нәтижесі жарияланды

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстанның Ұлттық статистика комитеті 37 жылдан кейін жүргізілген халық санағының алдын ала қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Ведомствоның мәліметінше, бүгінде ел халқының саны 39 047 321 адам, бұл 1989 жылы өткізілген санақтан екі есе көп. Санақ президент Шавкат Мирзиёевтің жарлығына сәйкес жүргізілді және ол елдің демографиялық және әлеуметтік-экономикалық мәліметтер базасын құруға бағытталды.

Комитеттің дерегінше, ел халқының 89,4 пайызы — өзбектер, 3,3 пайызы — тәжіктер, 2,2 пайызы — қарақалпақтар, 1,8 пайызы — қазақтар, 1,6 пайызы — орыстар, 0,6 пайызы — қырғыздар және 0,5 пайызы түркімендер. Тұрғындардың 91,3%-ы ана тілі ретінде өзбек тілін көрсеткен.

Еске салайық, Өзбекстанда халық санағы 1989 жылдан бері жүргізілмеген. Пандемияға байланысты ол 2022 жылдан 2023 жылдың қарашасына ауыстырылды, кейін 2026-2027 жылдарға шегерілді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, халық санағының бірінші кезеңі 15-31 қаңтар аралығында жүргізілді. Ал екінші кезеңі биыл 4-28 ақпанда өтті. Бұл процесс екі әдіс арқылы жүзеге ұйымдастырылды: бірі — деректерді онлайн жинақтау, екіншісі — үй аралау.