Өзбекстандағы алғашқы криптобиржаның лицензиясы күшін жойды

АСТАНА. КАZINFORM — Өзбекстанның Болашақ жобалар ұлттық агенттігі (НАПП) UzNEX криптобиржасының қызмет лицензиясын кері қайтарды.

Фото: UzNEX

НАПП мәліметінше, шешім сауда алаңының иесі — оңтүстіккореялық Kobea Group компаниясының өтініші негізінде қабылданған.

Ведомствоның хабарлауынша, клиенттердің қаражаты мен криптоактивтері 3-тен 10 жұмыс күні аралығында қайтарылады. Осы мақсатта компания арнайы электрондық пошта ашқан. Пайдаланушылар қаражатты қайтаруға қатысты сұрақтарын сол мекенжай арқылы жолдай алады.

Еске салсақ, 2020 жылғы 20 қаңтарда Kobea Group компаниясы Өзбекстандағы алғашқы криптобиржа — UzNEX платформасын іске қосқан болатын.

Ал 2024 жылдың қыркүйегінде UzNEX алаңында Toncoin криптовалютасының алғашқы ресми саудасы өткен еді.

Бұған дейін Өзбекстанда алғашқы лицензияланған криптодүкендер ашылғаны туралы хабарланған болатын.