Өзбекстандағы қазақ қаламгері Сапарбек Иманбековтің кітабы жарық көрді

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстандағы белгілі қазақ жазушысы Сапарбек Иманбековтің «Әділет шуағы» атты кітабы жарық көрді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Өзбекстан Жазушылар одағының ғимаратында өткен кітаптың тұсаукесер салтанатына осы елдегі белгілі қаламгерлер, журналистер және қазақ-мәдени орталығының басшысы және мүшелері, Өзбекстандағы Қазақ әдебиеті кеңесінің төрағасы қатысты.

Сапарбек Иманбековтің 80 жас мерейтойына орайластырылған іс-шараға жиналғандар қаламгерге шапан жауып, құрмет көрсетті. Жазушының «Әділет шуағы» еңбегі Өзбекстан Жазушылар одағының қолдауымен баспадан шықты.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Бұл кітап көркем аударма туындысы саналады. Яғни, қаламгер Өзбекстанның Халық ақыны Абдулла Ариповтың «Адолат офтоби» жинағын қазақ тіліне аударып, оқырманға ұсынып отыр.

Тұсаукесерге қатысқандар Сапарбек Иманбековтің аударма саласындағы қажырлы еңбегіне тоқталды. Олардың пайымынша, бұл Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әдеби байланыстарды нығайта түсуге бағытталған маңызды қадам.

Айта кетейік, мерейтой иесі 1946 жылы Ташкент облысына қарасты Бостандық ауданында дүниеге келген. Ол туған ауылында орналасқан № 9 орта мектепте 44 жыл ұстаз болып еңбек етті. Осы аралықта бірнеше кітап жазды. Олардың қатарында «Достарымыз жырлайды» және «Отан тынысы» сияқты танымал туындылар бар.

Сапарбек Иманбеков 2021 жылдан бастап Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі. Қазіргі уақытта қаламгер «Хаёт тарзи» («Өмір салты») кітабын жазу үстінде.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2025 жылы Өзбекстандағы бірқатар қазақ жазушысының кітабы жарық көрді.