«Қазір Өзбекстанда қазақ тілінде білім беретін 370-ке жуық мектеп бар. Бұл білім ордаларында математика, химия, биология сияқты бірқатар пәндер бойынша мұғалімдер жетіспейді. Сондай-ақ, бұл мектептерде қазақ тіліндегі әдебиеттер жоқтың қасы. Бұл - балалардың қазақ тілін терең меңгеруіне қиындық туғызып отыр. Бұған қоса, Қазақстанға барып оқығысы келетін жастар өте көп. Бірақ оларға қазақстандық оқу орындарына түсу үшін тапсыру міндеттелген ҰБТ-дан өту мүмкін емес. Сондықтан шетелдегі қазақ жастарын арнайы емтиханмен қабылдау немесе әңгімелесу, жеңіл тест тапсыру арқылы қабылдауды ұсынамыз», - деді Расул Көшербаев.
Ол қазақ мектептеріндегі мұғалім тапшылығы мәселесін шешу үшін өзбекстандықтарды Қазақстанға жіберіп оқыту қажет деп есептейді. Тиісінше, біздің елдің дипломын өзбек тарапы мойындауы керек. Ал, бұл әзірге шешілмеген мәселенің бірі.
«Қазақстанда оқыған мамандардың дипломын Өзбекстанда мойындау - шешімін күтіп тұрған мәселе. Осы бағытта екі елдің жауапты ведомстволары жұмыс істеуі керек. Сонымен қатар дүние жүзінің ең үздік 1 000 университеті рейтингіне енген қазақстандық жоғары оқу орындарының филиалын Өзбекстанда ашуды орынды деп санаймыз», - деп ұсыныс айтты Расул Көшербаев Kazinform агенттігінің сауалына жауап бере отырып.
Айта кетейік, Расул Көшербаев Өзбекстан Парламентінің төменгі палатасы - Олий Мажлисте 8 жыл депутат болған.