Өзбекстандағы кен орнында құрамында күкіртсутегі жоғары газ атқылады
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстанның Сұрхандария облысына қарасты Байсун ауданында орналасқан «Мустақиллик-25» («Тәуелсіздік-25») кен орнында газ атқылады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Өзбекстан Энергетика министрлігінің мәліметінше, оқиға 5 мамырда сағат 6:10–да болған. Атап айтқанда, «Мустақиллик-25» кен орнының № 202 ұңғымасында қысым салдарынан ауаға құрамында күкіртсутегі жоғары газ атқылады.
— Құрамында күкіртсутегі бар газдың таралуын шектеу үшін тиісті шаралар қабылданды, яғни, от тұтатып, атқылап жатқан газды жағып жіберу шешімі қабылданды. Ол жұмыс барлық қажетті қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жүргізілді, — делінген Энергетика министрлігінің ресми хабарламасында.
Оқиға аумағы қоршауға алынды және жағдай жауапты ведомстволардың толық бақылауында. Министрліктің мәліметінше, жанып жатқан газ іргелес аудандардың тұрғындарына қауіп төндірмейді.
Еске сала кетейік, бұл «Мустақиллик-25» кен орнында тіркелген алғашқы жағдай емес. Былтыр қыркүйекте № 604 ұңғымада құрамында күкіртсутегі шамадан тыс газ атқылап, салдарынан 4 адам көз жұмды. Ол жолы да шикі көгілдір отынды жағып жіберу шешімі қабылданған еді.