Өзбекстандағы қылмыстық топтарды құрықтау шарасы: тағы 6 күдікті ұсталды
40 күндік жедел-профилактикалық іс-шара аясында Ташкент қалалық ішкі істер басқармасы өзге де органдармен бірлесіп, қылмыс жасады деп күдікке ілінген тағы 6 адамды ұстады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Ведомстводан мәлімдегендей, ұсталғандардың арасында желтоқсанның басында қамауға алынған қылмыс әлемінде “Бахти ташкенттік" және "Бахти Янгиабад" деген атпен белгілі 52 жастағы Бахтиёр Қудратуллаевтың ұлы, 27 жастағы Ихтиёр Қудратуллаев та бар.
Оның үстінен Өзбекстан Қылмыстық кодексінің 156-бабы 3-бөлігі бойынша (аса ірі көлемде бопсалау) іс қозғалды.
Айта кетейік, оның әкесіне қатысты іс те осыған ұқсас бап бойынша ашылған. Сондай-ақ Бахтиёр Қудратуллаев 276-баптың 2-бөлігі негізінде (әрі қарай өткізу мақсатынсыз ірі мөлшерде есірткі немесе психотроптық заттарды заңсыз дайындау, сатып алу, сақтау) тергеліп жатыр.
Ташкент қалалық ІІБ аталған қылмыстық істерді тергеу жалғасып жатқанын мәлім етті.
Еске салайық, бұған дейін Өзбекстанда 120-дан астам ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері ұсталғанын жазып едік.
Сонымен қатар, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев руханият және ағарту мәселелері жөніндегі республикалық кеңесте қылмыс әлемінің серкелерін ұстау шарасына қатысты пікір білдірген болатын.