Өзбекстандық қазақ боксшы Париж Олимпиадасына жолдама жеңіп алды

АСТАНА. KAZINFORM - Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан лицензиялық турнирде бүгін өзбекстандық қазақ боксшысы Руслан Абдуллаев Париж Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды.

Фото: sports.kz

Атап айтсақ, 2023 жылғы әлем чемпионы атанған қандасымыз Руслан Абдуллаев бүгін Италияда өтіп жатқан лицензиялық турнирдің ширек финалында серб боксшысы Алексей Сендрикпен қолғап түйістіріп, нәтижесінде қарсыласын 3:1 есебімен жеңді. Осылайша өзбекстандық қазақ боксшы жартылай финалға шығып, Париж Олимпиадасына жолдаманы жеңіп алды.

Айта кетсек, лицензиялық турнирде жартылай финалға дейін жеткен боксшылар 2024 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама алады.