ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстандық соғыс ардагерлеріне 20 млн сум (орташа курспен $1600) көлемінде біржолғы ақшалай сыйақы төленеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Тиісті жарлыққа Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев қол қойды. Құжатқа сай, соғысқа қатысушылар мен майдан салдарынан мүгедек болған азаматтарға 20 млн сум беріледі.
Айта кетейік, былтыр 9 мамыр қарсаңында өзбекстандық ардагерлерге 18 млн сум ($1400) төленген еді. Ал 2022 жылы – 15 млн сум ($1100), 2021 жылы 12 млн сум ($940) біржолғы ақшалай сыйақы берілді.
Еске сала кетейік, 9 мамырға орай қазақстандық ардагерлерге де біржолғы әлеуметтік көмек төленді. Биыл республика бойынша оның орташа мөлшері – 1,5 млн теңге.
Әлихан Асқар
2018 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары облыстық Qostanai, республикалық Astana TV, «Жетінші арна» телеарналарындағы бағдарлама және жаңалықтар бөлімінде қызмет етті. «ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылдың мамырынан бастап еңбек етеді. 2023 жылдан бері Kazinform агенттігінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі.