- Мардан, сұхбатты туған жерге қатысты сауалдан бастасақ. Өзіңіз қай өңірдің тумасысыз және тіс дәрігері мамандығын таңдауға қандай ой ұшқыны себеп болды?
- Мен Түркістан облысының Қызығұрт ауданына қарасты Тұрбат ауылында туып өстім. Сонда орта мектепті үздік тәмамдап, болашағымды медицина мамандығымен байланыстарамын деп шештім. Жалпы балалық шақта заңгер болуды армандаған едім, өсе келе білікті дәрігер атанып, көпшілікке көмегімді тигізсем деген ойға келдім.
- Білім алу үшін неліктен Ташкентті таңдадыңыз?
- Мен туған ауылда Ташкент медициналық институтын тәмамдап, бүгінде дәрігер болып жемісті еңбек етіп жатқан тұрғындар аз емес. Сол кісілердің кеңесі мен ұсынысы негізінде осында оқуға тапсырдым.
- Оқу барысында қандай қиындықтарға кезіккеніңізді айта кетсеңіз...
- Алғашқы кездері оқу қиындау болды. Өйткені, орта мектепті аяқтай салып, бірден медицина дейтін ауыр салаға еніп кету оңай емес. Осы кезеңдерде өзге дәрігерлердің жұмыс істеу барысымен танысып, олардың тәжірибесін көріп, тіс дәрігері мамандығына деген қызығушылығым арта түсті. Бас кезінде: «Мен неге дәрігер болуым керек?», деген ой әр студенттің басында болары сөзссіз.
- Өзіңіз атап өткен қиындықтарды қалай жеңе білдіңіз? Өйткені, бұл тәжірибеңіз Өзбекстанға оқуға келуге ниетті қазақстандық жастар үшін пайдалы болуы мүмкін.
- Жастар алдына үлкен мақсат қоюдан ешқашан қорықпауы тиіс. Сәйкесінше, оған жету үшін талмай еңбек ету маңызды. Әуелі өзіңе: «Мен дәрігер болмасам, кім боламын?», деп сауал қою қажет. Егер болашағыңды медицина мамандығымен байланыстыру перспективасын көрсең, онда оқуға толық ену керек. Бұл ретте самайына ақ түскен шағында сенің қызығыңды көремін деп, келешегіңе сеніп отырған ата-ана үмітін естен шығармаған жөн. Бұл – үлкен мотивация. Менің әке-шешем ең ұтымды инвестиция – ол баланың біліміне құйған инвестиция деп санайды.
- Өзбекстандық білім беру жүйесінің қазақстандық жүйеге қарағанда қандай ерекшеліктер бар деп есептейсіз?
- Мұнда тіс дәрігерлерін нақты әрі басты салалар бойынша даярлауға көп көңіл бөледі. Ташкент мемлекеттік стоматология институты Орталық Азиядағы тек тіс дәрігерлерін оқытуға мамандандырылған жалғыз білім ордасы саналады. Ал басқа елдерде стоматология саласы медициналық университеттің ішінде факультет немесе кафедра ретінде жүреді.
Ташкентте оқу барысында бізге саланың ең үздік мамандары келіп, өз тәжірибесімен бөліседі. Сонымен қатар, шетелдік дәрігерлер де бізде жиі дәріс оқиды.
Біздің оқу орнында «стоматология», «балалар стоматалогиясы», «емдеу ісі», «менеджмент», «медициналық педогогика» және «біліктілікті арттыру» сияқты факультеттер бар. Жалпы оқу мерзімі – 5 жыл.
- Оқу барысында тәжірибеден өту маңызды. Өзіңіз теорияны практикамен қалай ұштастырып жүрсіз?
- Мен бір жылдан бері жеке тіс емдеу клиникасында тәжірибеден өтіп келемін. Сол жерде білмегенімді білікті мамандардан үйреніп, теориялық білімімді практикалық тұрғыда сынап көремін. Әрине мұның барлығы сабақтан тыс уақыттарда болды. Соның арқасында бүгінде науқастарға диагноз қою, асқыну деңгейін анықтау, тістің нерв жүйесін алу сияқты қызметтерді көрсете аламын. Көңілі толмай, емі дұрыс болмай арызданған пациенттер болмады, болмайды да деп үміттенемін.
- Өзбекстанға оқуға түскісі келетін қазақстандықтар үшін кеңес болсын. Мұнда оқуға қабылдау талаптары қандай?
- Оқуға түсуге ниетті барлық шетелдік азаматтар үшін емтихан болады. Ол онлайн режимде өтеді. Емтиханға қатысу үшін оқу орны басшысының атына өтініш жазу қажет. Одан кейін фотосурет, паспорт пен аттестаттың көшірмелері керек. Содан соң Өзбекстанда тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелуі тиіс. Артынша онлайн емтиханнан өту күні белгіленіп, оны институттың екі маманы алады. Оның нәтижесі 100 балдық жүйемен бағаланады. Өту үшін талапкер кемі 56 балл жинауы қажет.
- Осы стоматология институтында білім алатын қазақстандық студенттер қаншалықты оқу орнының қоғамдық-мәдени шараларына белсенді қатысып тұрады?
- Әсіресе мереке кездерінде институт бізге әртістерді шақырып, мәдени шараларды ұйымдастырып береді. Біз олардың өтуіне, қызықты ұйымдастырылуына өз үлесімізді қосамыз. Тек мен ғана емес, жалпы оқу орнында білім алатын студенттер, оның ішінде қазақстандық жастар белсенді атсалысады. Біз көбіне қайырымдылық концерттерін және акцияларын ұйымдастырамыз. Оқудан тыс уақытта жастармен жиналып, үстел теннисін ойнаймыз, саябақтарға серуендейміз.
- Оқуды тәмамдағаннан кейін қандай жоспарларыңыз бар?
- Осы жердегі оқуымды аяқтап, Қазақстанға оралсам деген ой бар. Онда өзімінің жеке тіс емдеу клиникамды ашқым келеді. Алдымен магистратура, докторантура және ординатурада білімімді толықтыруды көздеп отырмын.
- Мардан, әңгімеңізге рахмет! Оқуыңызды ойдағыдай тәмамдап, білікті маман болуыңызға тілектеспіз.
Әлихан Асқар