ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанның Жизақ облысында жергілікті тұрғынды АҚШ-қа жұмысқа орналастырамын деп уәде беріп, бірақ оны Оңтүстік Африкаға жіберген ер адам ұсталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Жизақ облысы бойынша Ішкі істер бас басқармасының мәліметінше, «Хайробод» махаллясының И.М. есімді тұрғыны құқық қорғау органына арыз түсірген. Оның ұлына А.Я. есімді азамат АҚШ-қа жұмысқа жіберуге уәде етіп, ол үшін 14,3 мың доллар алып, арызданушының баласын Оңтүстік Африкаға жіберген.
Сондай-ақ жәбірленуші ұлының Африкада қиын жағдайда қалып қойғанын және А.Я. есімді тұрғынның мәселені шешіп беру үшін тағы 6700 доллар сұрағанын мәлімдеген.
Күдікті ақшаны алу кезінде ұсталды. Қазіргі таңда аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
Әлихан Асқар
2018 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары облыстық Qostanai, республикалық Astana TV, «Жетінші арна» телеарналарындағы бағдарлама және жаңалықтар бөлімінде қызмет етті. «ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылдың мамырынан бастап еңбек етеді. 2023 жылдан бері Kazinform агенттігінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі.