Өзбекстандық дәрігелер ота арқылы сиам егіздерін ажыратып алды

Фото:
ТАШКЕНТ. УзА-ҚазАқпарат – Өзбекстанның денсаулық сақтау министрлігінен мәлім еткендей, ел медицинасы тарихында алғаш рет өзбек дәрігерлері сиам егіздерін өте сирек жасалған операция нәтижесінде ажыратып алған. Бұл туралы ҚазАқпарат «УзА» агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Операция республикалық перинаталдық орталық жанындағы неонаталды хирургия оқу-емдік-әдістеме орталығында 2022 жылдың 19 желтоқсанында жасалған. Оған профессор, осы орталық меңгерушісі Бахтиёр Эргашев жетекшілік еткен.

«Операция 3 сағатқа созылды. Балалардың бір-бірімен бауыр арқылы қосылғаны дәлелденді. Балаларды ажырату кезінде бауырдан және басқа қан тамырларынан қан кетудің алдын алу үшін ультрадыбыстық және аргон скальпельі және Bloodstop деп аталатын заманауи қан тоқтататын материалды қолдандық. Соның салдарынан балалар аз қан кетумен ажыратып алдық», - дейді Б. Эргашев.

2022 жылы 31 мамырда Қырғыз Республикасында дүниеге келген сәбилер орталыққа 5 айлық кездерінде жеткізілген. Олардың жақын туыстар арасындағы некеден, яғни апалы-сіңлілердің балаларынан туғаны белгілі болды. Болашақ сәбилердің жағдайы жүктіліктің 28-аптасында анықталып, болашақ ана Оштан Бішкекке жіберіледі. 29-аптада босану процесі «кесарь» әдісімен жүргізіліп, салмағы 1 600 грамм болып өмірге келген сәбилерге Фатима және Зухра есімі қойылады. Егіздердің қарын тұсы, дәлірек айтқанда бауыры бірлесе туған. Өте қиын операциядан кейін және өте нәзіктігінен сәбилердің жазылуы біразға дейін созылыпты.

«Осыған дейін сиам егіздері атанған балалардың жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр. Алдағы күндері сәбилер өз шаңырағына оралады деген үміт бар. Бұл нәтижеге қол жеткізуде кәсіби деңгейде жұмыс істеген үлкен хирургия ұжымы басты рөл атқарды. Олар өздерінің біліктілігі, білімі, тәжірибесі және батылдығымен өзбек медицинасының шежіресіне тағы бір үлкен тарихи нәтижені мөрледі», - делінген министрлік хабарында.

Осы тарихи жағдайдан кейін, ӨР Денсаулық сақтау министрі Амрилло Иноятов операцияға қатысқан мамандарды «Денсаулық сақтау үздігі» төсбелгісімен және құрмет грамоталарымен марапаттаған.

Айта кетсек, осы уақытқа дейін мұндай тәжірибе түрі бұл орталықта бір-ақ рет жасалған. Онда операция шетелден шақырылған маманның басшылығымен және тікелей қатысуымен жүргізілген.

Әдетте, сиам егіздері 200 мың жағдайда бір рет кездеседі. Мәліметтер бойынша, олардың көпшілігі өлі туады. Тірі туғандардың 5 пайыздан 25 пайызға дейінгісі ұзақ өмір сүрмейді.


Соңғы жаңалықтар