«Қазығұрт» кеден бекетінің қызметкерлері 15 маусым күні Өзбекстанға бағытталған «ДАФ» маркалы автокөлік құралын тоқтатады. Өзбекстан Республикасы азаматының басқаруындағы көлікте кедендік декларация бойынша жүктелген «Оксигенат» тауарының иісі күдік туғызып, қарап-тексеру жүргізілген. Кедендік тексеру кезінде жалпы 24 дана пластмас ыдыстарға (әрқайсысы 1 мың литрден) құйылған, иісі бензинге ұқсайтын сұйықтық анықталған. Сынамалары алынып, кедендік зерттеулер орталығына жолданып, нәтижесінде тауардың АИ-92 маркілі бензин екені расталады.
Сот шешімімен заң бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 103,5 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынды және ұсталған тауар мемлекет пайдасына тәркіленді.
Айта кетейік, қазіргі уақытта бензин, дизель отынын және жекелеген мұнай өнімдерін автокөлік құралдарымен елімізден сыртқа алып кетуге тыйым салынған.