Өзбекстанға Қырғызстаннан жаралы босқындардың ағылуы жалғасуда
19:49, 15 Маусым 2010
ӘНДІЖАН ОБЛЫСЫ. Маусымның 15-і. ҚазАқпарат /Құрмат Самархан/ - Әндіжан облысындағы өткізу бекеті арқылы Қырғызстандағы тәртіпсіздік салдарынан жарақаттанғандар мен зардап шеккендердің келуі жалғасу үстінде.
Облыстық клиникалық аурухананың дәрігері Миркаил Отахуджаевтың айтуынша, Ер-кишлок ауылындағы өткізу бекетінде дүйсенбі күні кешкісінен қазіргі уақытқа дейін Қырғызстан аумағынан 24 жаралы жеткізілген, олардың 6-ауы оқтан жарақаттанған, 4-еуі жүкті әйелдер және 14-і денсаулығы күрт төмендеп кеткендер.
Сонымен қатар жараланғандар арасында қатты күйік шалған кәмелеттік жасқа толмаған балалардың бар екендігін де атап өту қажет.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қырғызстанда жараланғандар Өзбекстанның Әндіжан, Ферғана және Наманган облыстарындағы түрлі медициналық мекемелерге келуде.