Өзбекстанға жарысқа келген қазақстандық спортшылар референдумда дауыс берді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Гандболдан Өзбекстан кубогына қатысып жатқан «Астана» құрамасының мүшелері Ташкент қаласында орналасқан № 399 референдум учаскесінде дауыс берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
«Ташкентке жаттықтырушы, директор және ойыншыларды қосқанда жалпы саны 13 адам келдік. Мұнда гандбол спортынан Өзбекстан кубогына қатысып жатырмыз. АЭС жөніндегі референдум осы уақытқа тұспа-тұс келгендіктен, осы елдегі Қазақстан елшілігінде орналасқан референдум учаскесінде дауыс бердік. Азаматтық ұстанымын білдіріп, ел үшін тарихи сәтте таңдау жасауға әр азамат жауапкершілікпен қарауы тиіс деп ойлаймын», - деді гандболдан «Астана» құрамасының мүшесі Мадина Мырзамсейітова.
Айта кетсек, бұған дейін аталған учаскеде алғаш болып дауыс берген қазақстандық Зәмзә Хайруллина «елдік мәселелерде таңдау жасаудан қалыс қалмай, азаматтық ұстанымын білдіру маңызды», деп пікір білдіріп еді.
Еске салсақ, Ташкент қаласындағы №399 референдум учаскесі Қазақстан Республикасының елшілгі ғимаратында (Абай көшесі, 1) орналасқан. Онда дауыс беру жергілікті уақыт бойынша 20:00-ге дейін жалғасады.