Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдаған сенатор Қуаныш Айтаханов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Еліміздің оңтүстігінде орналасқан Мақтаарал ауданы барлық жағынан Өзбекстан мемлекетімен шектеседі. Сондықтан да аудан өз елімізбен тек Елбасының тапсырмасымен Сырдария өзеніне салынған Достық көпірі арқылы ғана қатыса алады. 300 мыңнан астам халық бар осы ауданда республикадан экспортқа шығарылатын мақтаның 70-75 пайызы өндіріледі. Қазіргі кезге дейін ауданға келетін және аудан көлемінен шығатын әртүрлі тауарлар мен жүктер Өзбекстан аумағы арқылы өтетін теміржол желісі арқылы атқарылып келіп еді. Алайда, Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік шекараларындағы өткізу бекеттері туралы Қазақстан және Өзбекстан Үкіметтері арасындағы келісімге және осы келісімге сәйкес 2006 жылы қыркүйекте жасалған хаттамадағы теміржол өткізу бекеттері тізбесіне жұмыс істеп тұрған Мақтаарал стансысы енбей қалған. Осыған байланысты 2009 жылғы қарашаның 30-нан бері еліміздің шекара қызметкерлері аталған теміржол қатынасын жауып тастаған», деді сенатор.
Оның айтуынша, теміржол қатынасының жабылуы салдарынан ауданда ондаған мың тонна мақта талшығы экспортқа шығарылмай отыр. Бұдан басқа, аудан халқына қажетті азық-түлік, отын, құрылыс, жанар-жағармай және т.б. керекті материалдарды жеткізу үлкен қиыншылықтар тудырған. Бұл көпшілік халықтың наразылығына әкеп отырған көрінеді. «Мәселені шешу үшін Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы Үкіметтерінің арасындағы мемлекеттік шекаралық өткізу бекеті туралы келісімде және хаттамада бекітілген теміржол өткізу бекеттері тізіміне Мақтаарал теміржол стансысын енгізу керек. Бұнымен қоса, осы шекаралық теміржол стансысын тиісті инфрақұрылым қызметтерімен қамтамасыз ету тезірек шешімін тапса игі», деген сенатор Үкімет басшысынан проблемаға қатысты көмек беруді сұрады.