Өзбекстаннан 800 қой айдап өтпек болған - ҚР ҰҚК

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық шекарашылар қазақ-өзбек шекарасы арқылы заңсыз түрде мал айдап өтпек болғандардың жолын кесті, деп хабарлады ҚР ҰҚК Шекара қызметінен.

«Сарыағаш» шекара отрядына қарасты «Тамды» заставасының наряды қызмет барысында инженерлік құрылғылардың бұзылғандығын, контрабандашылардың Өзбекстаннан біздің елімізге қарай заңсыз жолмен мал айдап өткендігін анықтайды.

Жедел түрде ұйымдастырылған іздестіру жұмыстарының нәтижесінде шекарашылар мемлекеттік шекарадан бірнеше шақырымдай қашықтықта кетіп бара жатқан бір отар малды байқап, тоқтатады, санағанда 800-ден астам қой болып шықты. Шекарашыларды байқаған мал айдаушылар көршілес мемлекеттің аумағына қарай қашып, жасырынды. Тергеу амалдары жүргізілуде.