ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында контрабандалық жолмен халық тұтынатын тауарлар әкелу дерегі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті мамандары аталған қылмыстық істің жолын кесті.
«Халық тұтынатын тауарлар Өзбекстаннан жеткізілген. Оның жалпы құны - 43 млн. 299 мың теңге. Жалған мәлімдеме жасау арқылы 22 млн. 799 мың теңге залал келтірілген. Тергеу барысында 19 млн теңгенің тауары бұғатталды. Қылмыстық іс тергелуде», - деді департаменттен.
Айта кетсек, биылғы жылдың 6 айында департамент өндірісінде 41 қылмыстық іс болды. Олардың 24-інің өндірісі аяқталып, 15 қылмыстық іс сотқа жолданды. Келтірілген залал - 1, 8 млрд теңге. Оның 881 млн теңгесі өндірілді.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылар жазаға тартылды.
Олардың біріне 1 000, екіншісіне 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл жазасы тағайындалды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.