Өзбекстаннан шетелге тұрақты тұру үшін көшкендердің саны артты

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың бірінші 6 айында 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шетелге тұрақты тұру үшін көшкендердің саны шамамен 10 пайыз өсті. Бұл туралы ақпарат Статистика комитетінің кезекті шолуында берілген. 

Фото: uza.uz

Соңғы жарты жылда Өзбекстаннан 5551 адам тұрақты тұру үшін шетелге көшіп кеткен. Алайда бұрынғылардан айырмашылығы, тұрғындардың қай елдерге кеткені айтылмады.

Салыстыру үшін, 2024 жылдың алғашқа 6 айында 5066 өзбекстандық шетелге көшіп кеткен. Оның ең көбі Қазақстанға кеткен – 4128 адам. Одан кейінгі орында Ресейді таңдағандар көбірек болды (760 адам).

2025 жылдың 6 айында Өзбекстанға шетелден көшіп келгендердің саны 673 адам болды. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 1800 болған.

Шетелге көшу үрдісі

2024 жылы 10 842 өзбекстандық тұрақты тұру үшін шет елдерге көшті. Оның ішінде Қазақстанға 8 мың 792 адам, Ресейге 1 мың 601 адам кеткен. Елден кеткендер Оңтүстік Корея (96 адам), Қырғызстан (73 адам), Түркіменстан (39 адам) және басқа елдерді (241 адам) таңдады.

2023 жылғы көрсеткіш бойынша шетелге қоныс аударғандар саны 17 336 адамды құраған. Атап айтқанда, Қазақстанға 14 мың 51 адам, Ресейге 2 мың 670 адам көшіп кеткен.

10 жыл бұрын сандар әлдеқайда жоғары болды. Мәселен, 2010 жылы Өзбекстаннан 44 420, 2011 жылы 50 816, 2012 жылы 45 447 адам көшіп кеткен. 2015 жылдан бастап көшу үрдісі айтарлықтай төмендей бастады, сол жылы елден 31 765 адам көшіп кетті.

Еске сала кетейік, Өзбекстан халқының саны 38 миллионға жуықтады.