Өзбекстанның екі өңірінде тіркеуден өтпеген қымбат дәрілерді сатпақ болған тұрғындар ұсталды

Фото: Фото: Pixabay

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанның екі өңірінде тіркеуден өтпеген және тиісті құжаттары жоқ «Ампициллин», «Виванарин», «Инфера» және «Ferrovell» дәрі-дәрмектерін сатпақ болғандар анықталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Өзбекстан Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің (МҚК) мәліметінше, 1999 жылы туған Пастдаргом ауданының тұрғыны Қытайда өндірілген «S-Gen» препаратының 3 600 данасын 46 млн сумға (1,6 млн теңге) сатып жатқан сәтінде ұсталған. Оны тексеру барысында азаматтан аталған дәрінің мемлекеттік тіркеуден өткені туралы жалған сертификаты болғаны анықталды. Сонымен қатар, оның үйіне жүргізілген тінту нәтижесінде тиісті құжаттары жоқ «Виванарин» препаратының 240 қаптамасы табылған.

Осындай жағдай Ферғана облысында да анықталды. Атап айтқанда, 1989 жылғы Қоқан қаласының тұрғынынан 2 400 - «Ампициллин», 1 600 - «Инфера» және 1 600 дана «Ferrovell» дәрілері тәркіленді. Ол Наманғандағы дәріханаларға құны 121,8 млн сумға (4,3 млн теңге) бағаланған препараттарды жөнелту кезінде қолға түскен.

Фармацевтикалық өнімдердің қауіпсіздігі орталығының қорытындысына сәйкес, аталған дәрі-дәрмектерді сатуға, тасымалдауға және пайдалануға тыйым салынады. Өйткені, олар тиісті стандартқа сай сақталмаған және сәйкестік сертификаттары жоқ.

Осы фактілер негізінде қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.