Өзбекстанның сыртқы қарызы 72 млрд доллардан асты
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Биыл бірінші тоқсанда Өзбекстанның сыртқы қарызы 8 млрд долларға өсті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Өзбекстан Орталық банкінің дерегінше, қаңтар-шілде айлары аралығында елдің жиынтық сыртқы қарызы 72,2 млрд долларға жетті. Оның ішінде 36,8 млрд доллар мемлекеттің сыртқы қарызы болса, 35,4 млрд доллар корпоративтік берешек саналады.
Реттеуші органның есебінде баяндалғандай, бірінші тоқсанда әлемдік экономикада күрделі өзгерістер болды. Осыған байланысты жаһандық нарықта энергия ресурстарының бағасы қымбаттады. Бұл үрдіс Өзбекстанның экспорт әлеуетінің әлсіреуіне жол бермеді.
Сәйкесінше, экспорт пен импорт арасындағы теріс сальдо 20%-ға қысқарып, 6,4 млрд долларға теңелді. Сондай-ақ, бірінші жартыжылдықта тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 42%-ға өсіп, 1,6 млрд долларға жетті.
Еске салайық, биыл қаңтар-наурыз айлары аралығында Өзбекстанның жиынтық сыртқы қарызы 4,3 млрд долларға ұлғайып, 68 млрд доллардан асқан еді.
Сонымен қатар, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстанның жалпы мемлекеттік сыртқы қарызы 10,8 млрд долларға өсіп, 64,1 млрд долларға теңелген болатын.
Қоса кетсек, Өзбекстан билігі үстіміздегі жылдың соңына дейін елдің ішкі жалпы өнім көлемін 130 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отыр.