Өзбекстанның коммерциялық банктерінде АҚШ долларының бағамы 12 мың сумнан асты

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Бүгін Өзбекстан банктеріндегі АҚШ долларының бағамы 400 сумға көтеріліп, 12 мың сумнан асты, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Өзбекстан Орталық банкінің мәліметі бойынша, 11 тамызда доллар бағамы бір күнде 408,03-ке өсіп, 12075,03 сум болған.

«Негізгі сауда әріптес елдердің ұлттық валютасының айтарлықтай құнсыздануы сыртқы сауда және ақша аударымдары арқылы сумның нақты тиімді айырбас бағамының нығаюына әкелді. Бұл өз кезегінде, валюталық түсімдерге және елге экспорттық арналар мен ақша аударымдары бойынша ішкі валюта нарығындағы шетел валютасын ұсыну көлеміне кері әсерін тигізді», - деп түсіндірді Орталық банк.

Нәтижесінде ішкі валюта нарығында сум бағамының құнсыздану қарқыны жеделдеді. Қаржы реттеушісі болашақта валюта бағамының күрт құнсыздануын болдырмау үшін жеткілікті құралдардың бар екеніне және қажет болған жағдайда қосымша интервенциялар жүргізу арқылы тұрақсыздықты жеңілдетеміз деп сендірді.

«Бұл түзету нақты тиімді айырбас бағамының ұзақмерзімді трендіне оралуға әкеледі, ал теңгерімді айырбас бағамы валюталық түсімдердің артуы есебінен нарықтағы ұсыныстың ұлғаюына қызмет етеді. Нақты тиімді айырбас бағамы жыл соңына дейін және ортамерзімді перспективада салыстырмалы түрде тұрақты болады», - деп толықтырды ведомстводан.