Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігі ел аумағына босқындарды өткізу туралы ақпараттық хабарлама жасады

ӘНДІЖАН ОБЛЫСЫ. Маусымның 16-сы. ҚазАқпарат /Құрмат Самархан/ - Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігі ел аумағына босқындарды өткізу туралы ақпараттық хабарлама жасады.

ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлағандай, маусымның 14-і күні босқындардың өткізілуі шектетілген болатын. Өткізу қосындары арқылы негізінен жарақат алғандар, аурулар мен балалар өткізілетін.


ӨР сыртқы саясат ведомствосының ақпараттық хабарамасында ағымдағы жылғы маусымның 14-інде бірқатар ақпараттық агенттіктердің Өзбекстан Қырғызстанмен арадағышекарасын жауып, Қырғызстан Республикасындағы өзбек ұлтының азаматтарын ел аумағына өткізуді тотқтатты деген ақпарат таратқандығы аталып өтілген.

Маусымның 15-інде түске қарай Өзбекстан 100 мыңға тарта адамды қабылдап, оларға жатын орын, азық-түлік беріп, медициналық көмек көрсеткен. Адамдардың легі толастар емес, жағдай бақылауға алынды деген дерекке қарамастан, Қырғызстанның оңтүстігіндегі жағдай тұрақталған жоқ. Тек өзге ұлттың адамы болғандықтан ғана адамдар өліп жатыр.


«Таратылған жалған ақпарат біреу үшін тиімді болып отырғандығы анық. Біреулер Өзбекстанға көлеңке түсіріп, осы уақытқа дейін қайғыға душар болған көршілес елдің азаматтарын құтқару үшін жасаған іс-әрекетін жоққа шығарғысы келеді», деп аталып өтілген ақпараттық хабарламада.

«Бұл жерде бүгінгі таңда Қырғызстанға келген гуманитарлық көмек елдің оңтүстігіне жетпей, Бішкекте қалып қоятындығы ескеріледі. Сонымен қатар, ол көмек тек лауазымды ұлт азаматтарының арасына ғана таратылады. Ал шынымен көмекке зәру өзбек ұлтының азаматтары келіп жатқан гуманитарлық көмектен қағылып отыр», - делінген ӨР СІМ хабарламасында.


Қазіргі таңда өзбек билігі Өзбекстан мемлекетіне шекаралас елден келіп жатқан адамдарды орналастыру бойынша қиындықтарға тап болып отыр. Босқындарды орналастыру үшін жылдың осы кезеңінде бос тұрған мектеп, лицейлер, жазғы балалар лагерін қоса алғанда демалыс орындары пайдаланылып отыр.


Қырғызстаннан қашқан өзбек ұлты азаматтарын қабылдаған және қабылдап отырған Өзбекстандағы негізгі жерлер - Жалалқұдық, Мархамат және Әндіжан облысындағы Ходжиабад аудандары болып қалуда.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев маусымның 15-інде жасаған мәлімдемесінде Қырғызстанға гуманитарлық көмек беру туралы бастама көтеріп, сондай-ақ жүктің жіберілген мекен-жайына жетуін қадағалау туралы айтты.