«Қазақстанда қатты аязды күндер күтіледі. Осыған байланысты Өзбекстан азаматтарынан Қазақстанның солтүстік, шығыс және орталық бөлігіне жолаушылар автобусымен және жеке көліктермен сапарлауды уақытша тоқтата тұруды сұраймыз», - делінген Өзбекстан ТЖМ таратқан хабарламада.
Қазгидромет таратқан мәліметтерге қарағанда, 22 қаңтардан бастап, әсіресе 23-26 қаңтар аралығында ауа-райы күрт суытып, ауа температурасы -35 - 40 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.
Еске салсақ, 22 қаңтарда Ақтөбенің Ырғыз ауданында Өзбекстан азаматтары мінген автобус істен шықты. Олар Ресейдің Уфа қаласына бара жатқан екен.
Сондай-ақ, 18 қаңтар күні таңертең Самара-Шымкент тасжолында жол апаты болып, жолаушыларға толы автобус жанып кетті. Өрт кезінде 52 адам қаза болып, 5 адамды күйік шалды. Қазір күйік шалып, газға уланғандар Ақтөбе облыстық жедел жәрдем ауруханасында ем қабылдап жатыр. Олардың үшеуі Қазақстан, екеуі Өзбекстан азаматы.