11:41, 07 Сәуір 2009
Өзбектің бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстан Премьер-Министрінің республикаға жасаған сапарын кеңінен таныстырды
ТАШКЕНТ. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат /Расул Бахамов/ - Қазақстанның Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің өткен аптада Өзбекстанға жасаған жұмыс сапарының қорытындысы өзбек масс-медиаларының беттеріндегі алдыңғы қатарлы тақырыптардың бірі болды.
ҚазАқпарат тілшісінің хабарлауынша, Өзбекстанның ұлттық телеарналары, ақпараттық агенттіктері мен баспасөз құралдары Қазақстан премьері сапарының қорытындысы бойынша мазмұнды комментарийлер берді.
Атап айтқанда, «ӨзА» ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімовтің Қазақстанның Премьер-Министрімен болған келіссөзінде «өзбек-қазақстан қарым-қатынастарының үдемелі дамып отырғаны, сауда-экономикалық ынтымақтастық аясының кеңейіп отырғаны» атап көрсетілді. «Бұл кездесудің өзара мүдделі өзекті мәселелер бойынша пікірлер алмасудың жақсы мүмкіндігі болып отырғандығы» баса атап өтілді. Тату көршілік пен достыққа негізделген Өзбекстан мен Қазақстанның арасындағы қарым-қатынасты дамытудың маңыздылығы атап көрсетілді. «Мемлекет басшыларының екіжақты қарым-қатынастарды дамыту мәселелері мен аймақтық және халықаралық мазмұндағы проблемаларға қатысты көзқарастары жақын және ұқсас. Өзбекстан мен Қазақстан халықаралық сахнада бірін-бірі қолдап отыр. Ұстанымдардың ортақтығы саяси саладағы - сенімді, экономикалық саладағы - өзара мүдделілікті нығайтуға сеп болып отыр. Біздің елдеріміз БҰҰ, ТМД, ШЫҰ сияқты халықаралық және өңірлік ұйымдардың аясындағы көпжақты қарым-қатынастарын дамытуда», деп хабарлады өзбектің ұлттық бұқаралық ақпарат құралдары. Өзбек шолушылары, 2006 жылдың наурыз айында Ислам Кәрімов пен Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамашылығы бойынша екіжақты қарым-қатынасқа қатысты мәселелерді жедел шешу, қол жеткізілген келісімдердің атқарылуына мониторинг жүргізуді ұйымдастыру мақсатында мемлекет басшыларының қамқорлығымен Мемлекетаралық үйлестіру кеңесін құру туралы шешім қабылданғанын, 2006 жылдың қараша айында осы кеңестің бірінші отырысы өтіп, онда суды пайдалану, энергетика, коммуникация және сауда-саттық мәселелері талқыланғанын еске салды.
Ал 2007 жылдың шілде айында өткен кеңестің кезекті отырысында жоғары деңгейдегі кездесулердің барысында қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру процесі қаралды, екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Өзбекстандық бұқаралық ақпарат құралдары сонымен бірге, Қазақстанның Өзбекстанның Орталық Азиядағы негізгі сауда серіктестерінің бірі екенін атап көрсетуде. Екі елдің арасында еркін сауда режімі жұмыс істейді. 2008 жылы өзара сауда айналымының көлемі 912,5 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш Өзбекстанның аймақтың басқа елдерімен арадағы сауда-саттықтың жалпы көлемінен әлдеқайда жоғары. Өзбекстанда қазақстандық серіктестердің қатысуымен құрылған 167 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Ал Қазақстанда өзбек капиталының қатысуымен құрылған 100-ге жуық бірлескен кәсіпорын бар.