Өздерін прокуратура қызметкері ретінде таныстырып, ақша бопсалағандарға қатысты қылмыстық іс қозғалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының құқық қорғау органдары белгісіз біреулердің мектепке дейінгі мекемелердің жетекшілеріне телефон шалып, өздерін прокуратура органдарының қызметкері ретінде таныстырып, ақша бопсалау фактілерін анықтады, деп хабарлайды ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен.

«Елордалық балабақшалардың бірінің жетекшісіне телефон соққан адам өзін Бас прокуратураның қызметкері ретінде таныстырып, оған қатысты прокурорлық тексеріс жүргізіліп жатқанын және тексерістің оң нәтижесі болуы үшін 100 мың теңге төлеу қажеттігін хабарлаған», - деп жазылған хабарламада.

Бұдан бөлек оқиға бойынша да өзін Бас прокуратураның қызметкерімін деп таныстырған бейтаныс біреу Астана қаласының Білім басқармасы балалар бақшаларында тексеріс жүргізуді жоспарлап отырғандығын хабарлап, егер белгілі бір сыйақы төленген жағдайда мекемені тексерілетіндер тізімінен алдырып тастау мәселесін шешуге болатындығы туралы ұсыныс жасаған.

Қазіргі уақытта алаяқтық оқиғаларының барлық фактілеріне қатысты қылмыстық іс қозғалып, тексеріс жүргізілуде.

Осы орайда Бас прокуратура азаматтарға ерекше сақтық танытуды және алаяқтардың құрған қақпанына түсіп қалмауды ескертеді. Егер дәл осыған ұқсас қоңыраулар шалынып жатқан жағдайда Бас прокуратураның 71-26-20 сенім телефонына дереу хабарласу керек.