Өздеріне пара бергені туралы хабарлайтын лауазымды тұлғалардың саны артуда - Қаржы полициясы
Бұл туралы бүгін ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясының) ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.
«Қаржы полициясына өздеріне пара бергені туралы хабарлайтын лауазымды тұлғалардың саны артуда. Қаржы полициясы бұл арыздар бойынша пара берушілерді жауапқа тартуға қажетті шараларды қабылдауда», - деді ол.
Ресми өкілдің айтуынша, Атырау облысында қалалық тұрғын үй комиссиясының инспекторы Байқұтов және мердігер кәсіпорындардың директорлары Хайруллин, Сәрсешов, Мұратбаев, Эпиташвилиден тұратын пара берушілердің тобы қамауда алынды. Олар 2011-2012 жылдар аралығында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуға бөлінген бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалу фактілері бойынша оң шешім шығару үшін Атырау қаласы прокурорының көмекшісіне 2 млн. теңге пара берді деп айыпталуда. Атырау облыстық прокуратурасы аталған қылмыстық істі тергеуді аяқтады.
«CGC Overseas Construction CO LTD» кәсіпоры филиалының директоры ҚХР азаматы Peng Aimin Энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Қарағанды облыстық аумақтық департаменті басшысына делдал арқылы 4 мың АҚШ доллары көлемінде пара бергені әшкереленіп, оған 2 500 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеу жазасы кесілді. Ол параны кәсіпорын қызметін тексеру кезінде анықталған бұзушылықтарды жасыру үшін берген. Парадан бас тартқан және ол туралы хабарлаған лауазымды тұлға қаржы полициясы тарапынан сыйақыға ие болды», - деді М.Жұманбай.