Маманның айтуынша, әр буынның өз қиындығы болады. Сондықтан қазіргі жастардың өмірін бұрынғы ұрпақпен салыстыру дұрыс емес.
— 1980–1990 жылдары адамдарды көбіне жұмыс, ақша және тұрмыс мәселесі алаңдатты. Ал қазіргі жастарға психологиялық қысым көбірек әсер етеді. Олар өзін үнемі басқалармен салыстырып жүреді, — деді психолог.
Оның сөзінше, бұған әлеуметтік желінің ықпалы да айтарлықтай әсер етіп отыр.
— Қазіргі жастар күн сайын әлеуметтік желіден біреудің жетістігін, табысын, әдемі өмірін көреді. Соның салдарынан «Ол жетістікке жетті, мен неге жете алмадым?», «Мен бір нәрседен қалып қойып жатқан жоқпын ба?» деген ой мазалайды. Мұндай салыстыру адамның ішкі мазасыздығын күшейтеді, — дейді маман.
Психолог бұрынғы буын мен қазіргі жастардың өмір сүру дағдысы мүлде бөлек екенін айтады.
— Бұрын мектептен не жұмыстан шыққан соң адам тынығып, өз уақытымен өмір сүретін. Ал қазір жастар тәулік бойы ақпараттың ішінде жүреді. Телефон, әлеуметтік желі және түрлі чаттар адамның миын үнемі шаршатып отырады, — деді Ержан Мырзабаев.
Сарапшының пікірінше, ұрпақтар арасындағы түсініспеушілік те осы айырмашылықтан туындайды.
— Үлкен буын кейде «Ішер асың, киер киімің бар, саған тағы не жетпейді?» деп ойлайды. Себебі олар материалдық қиындықтарды бастан өткерді. Ал қазіргі жастар көбіне мазасыздықпен, жалғыздықпен және психологиялық қысыммен бетпе-бет келеді. Алайда үлкен буын мұны әрдайым түсіне бермейді, — деп түйіндеді психолог.
https://kaz.inform.kz/news/zumerler-zhumistan-tek-aksha-emes-magina-zdeyd-psiholog-edd67440 Айта кетейік, бұған дейін психолог зумерлердің жұмыстан тек табыс емес, мағына іздейтінін айтқан еді.