Өзен арнасын бұзып, тауды тегістеп тастаған кәсіпкер 1000 доллар беріп жазадан құтылып кетті — Ерлан Саиров

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров жер қойнауын пайдалануды реттеуге арналған жаңа нормаға қарсылық білдірді. 

— Заң жобасының 194-бабының 5-тармағында 1000 текше метр топырақты барлау мақсатымен қозғау өкілетті органның рұқсатымен жасалатыны айтылған. 1000 текше метр топырақ дегеніміз 70 тонналық 20 вагонға сиятын көлем. 20 вагонның ішінде қанша алтын болатынын өзіңіз білесіз бе? Сонда қазір біз осы заңның астында барлау сылтауымен заңсыз алтын өндірушілерге стимул жасап отырмыз. Мен сізге жалғыз мысал келтірейін, Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл, Күршім, Үлкен Нарын, Самар, Зайсан Тарбағатай аудандарының таулы аумақтары түгел қазылып тасталған. Оны өздеріңіз білесіздер. Барлауға лицензия алады да, сол алтынды заңсыз өндіреді. Мемлекет қаншама зиян шегіп жатыр?! Енді заңсыз өндіруді өздеріңіз заңдастырып бергелі отырсыздар. Осыдан 4 жыл бұрын Марқакөл ауданында тау үстіндегі Қалжыр өзеніне барлау жасаймыз деп, бүкіл өзен арнасын бұзып, тау сілемдерін тегістеп тастаған. Сол адам 1000 доллар беріп құтылып кетті. Сонда осы сияқты мыңдаған адамды қалай бақылайсыздар, — деді депутат.

Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары Иран Шархан жаңа норма керісінше барлау сылтауымен заңсыз кен игеретіндерге тосқауыл болады деген уәж айтты.

— Бұл норма қолданыстағы кодексте де бар. Біз енді өкілетті органның рұқсат беру тәртібін нақтылап қана отырмыз. 1000 текше метр дегенді айтып отырсыз. Иә, біз осылай рұқсат береміз. Қолданыстағы кодексте сату мәселесі нақтыланбаған. Біз ұсынып отырған нормада барлау үшін қазылған топырақты сатуға тыйым салынады. Жер қойнауын пайдаланушы, барлау жасап жатқан инвестор осы 1000 текше метр көлемінде топырақты металлургиялық технологияны анықтау үшін ғана игереді. Бірақ одан түскен қазбаны сата алмайды. Айтып отырғаныңыз өте дұрыс. Қазір көп инвестор барлау лицензиясын алып, жасырын өндіріп жатыр. Сіз айтқан Шығыс Қазақстан облысында бірнеше рет болдым. Биыл ШҚО-да заңсыз өндірудің 5 фактісін анықтап, құқық қорғау органдарына бердік. Бұл керісінше заңсыз өңдеу жұмыстарын жояды, — деді Иран Шархан.

Бұған дейін жыл басынан бері жер қойнауын пайдаланушылармен 17 келісімшарт бұзылғанын жазған едік