«Өзен-Атырау-Самара» мұнай құбырынан шикі мұнай ұрлау әрекеті анықталды ? апталық брифинг

АСТАНА. Мамырдың 18-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Мамыр айының 15-і күні Маңғыстау облыстық Ішкі істер департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Батыс аймақтық Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлерімен бірлесе отырып, «Өзен-Атырау-Самара» мұнай құбырынан шикі мұнай ұрлау әрекетін анықтады.

Бұл оқиға жөнінде бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихатында Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық полиция комитеті төрағасының орынбасары Бекет Аймағамбетов баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, мұнай өнімі құбырды тесу арқылы ұрланған. Аталмыш іс бойынша жүргізілген іздестіру жұмыстары барысында қылмысқа қатысты деген 9 адам ұсталған. «Мұнай тасымалдайтын 6 көлік табылды. Сондай-ақ осы көліктерге жол бастап жүрген жүрген «Тойота ленд Крузер» көлігі мен қылмысты әрекет барысында пайдаланылған өзге де заттар табылған. «Одан әрі жүргізілген тексерулер барысында мұнай толтырылған 2 теміржол цистернасы мен мұнай құюға даярланып қойған тағы осындай 3 цистерна табылды. Қазір аталған істі тексеру жұмыстары жалғасуда», деді төрағаның орынбасары.