Өзге елдермен салыстырғанда Қазақстанның Ұлыбританиямен сауда айналымы жылдам өсуде - Лондон Сити лорд-мэрі

АЛМАТЫ. 28 маусым. ҚазАқпарат - Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы 124 пайызға өсті.

 Бұл туралы  бүгін Алматыда Лондон Сити лорд-мэрі олдермен Дэвид Вуттонның Қазақстандағы сапары аясында өткізілген баспасөз мәслихатында айтылды.

«Серіктес екі елдің арасында 2010-2011 жылдары  сауда 2 еседен астам өсті. 1991 жылдан бергі Ұлыбританияның Қазақстандағы инвестициясының жалпы көлемі  60 миллиард фунт стерлингтен асты. Сондай-ақ Лондон қор биржасында листингтен өткен 20-дан астам қазақстандық компанияның құнды қағаздары саудалануда. Ұлыбритания статитикасына қарағанда 2011 жылы Ұлыбритания мен Қазақстан арасында экспорт - 530 миллиард,  импорт - 59 миллиард фунт стерлингті құрады. Яғни 2010 жылмен салыстырғанда 124 пайызға өсті», - дейді  В.Вуттон.  Ал Қазақстандағы Ұлыбритания Елшісі Дэвид Моранның пайымдауынша, бұл статистика екі елдің экономикалық байланысын толық көрсете алмайды. Сондықтан сандар көлемі бұдан да жоғары болуы әбден мүмкін. Мәселен экономикалық дағдарысқа дейінгі 2007 жылы сауда айналымының көлемі 3,5 миллиард АҚШ долларын құраған болатын. Одан кейін сауда айналымы біршама төмендегенімен қазір ол жылдам  өсуде.