Өзге ұлт өкілдері арасында «Абай оқулары» республикалық байқауы өтеді

None
АСТАНА. 7 сәуір. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті 2012 жылғы қыркүйек айында ХІV Қазақстан халқы тілдері фестивалі аясында өзге ұлт өкілдері арасында «Абай оқулары» республикалық байқауын өткізеді,

деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.

Байқау мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және Абай шығармашылығын насихаттау арқылы қазақ мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне деген өзге ұлт өкілдерінің ықыласын арттыру, қазақстандық рухани бірлікті қуаттау, отансүйгіштік сезімді арттыру мақсатын көздейді.

Байқау шарттары бойынша, «Абай оқулары» байқауына Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері ғана қатыса алады. Әр облыстан және Алматы, Астана қалаларынан көркем сөз оқу мен ән айту шеберліктерін қатар игерген 16 - 30 жас аралығындағы 1 үміткерден қатыса алады.

Байқау үш тапсырмадан тұрады:
1. Көркем сөз оқу шеберлігін айқындау:
- Абай шығармаларын (поэзия, қара сөздері) қазақ тілінде жатқа оқу;
- «Абай жолы» романынан қазақ тілінде жатқа үзінді оқу.
2. Әншілік қабілетін таныту - Абай әндерін немесе қазақ халық әндерін орындау (1 ән).
Байқаудың бірінші кезеңі жергілікті деңгейде өткізілетін болады, жеңімпаздар республикалық байқауға жолдама алады.

Республикалық байқаудың сарапшылары байқауға қатысушыларды алдын ала тыңдап, сахнадан оқылатын өлеңдерін іріктейді.

Үміткерлер өнерін бағалау кезінде көркем мәтінді оқу шеберлігіне,
қазақ тілінде орфоэпиялық тұрғыдан таза сөйлеуіне, ән орындау қабілетіне, сахналық мәдениетіне назар аударылады.