Өзге ұлт өкілдері инновациялық әдістеме негізінде қазақ және ағылшын тілдерін меңгеріп шықты

АСТАНА. 8 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Диалог.kz» халықаралық жобасы аясында «Тілдарын» инновациялық әдістемесі арқылы қазақ және ағылшын тілдерін меңгерген этно-мәдени орталықтардың мүшелері арнайы сертификаттарға ие болды.

«Диалог.kz» жобасын Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қазақстанның даму банкі» АҚ қолдауымен ағымдағы жылдың 25 маусымында Түркия елінде өткізген болатын.

«Елбасымыздың «Үштұғырлы тіл» саясатын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы осындай мектептер ашу арқылы өз үлесін қосуда. Биылғы 8 маусымда «Диалог.kz» жобасы аясында «Сұхбат» мектебі ашылған болатын. Бірінші топта біздің этно-мәдени орталықтардың мүшелері қатысты, олар аталған жоба аясында «Тілдарын» инновациялық әдістемесі арқылы қазақ және ағылшын тілдерін меңгерді. Бұл инновациялық әдіс 2012 жылы ресейлік лингвист Дмитрий Петровтың әдістемесі бойынша бір топ отандық тіл мамандарымен жасақталған болатын», - дейді Қазақстан халқы Ассамблеясының қоры» қоғамдық қорының директоры Алмагүл Сәлімбаева.

Айта кетейік, былтыр Түркияда өткен бұл жобаға 500-ден астам қатысқан. Ол бірнеше салаға бөлінгенімен, негізгісі мемлекеттік тілді меңгеру болатын. Биыл бұл жоба «Диалог.kz» деп аталды. Оның аясында жазғы маусымда 20 және 70 жас аралығындағы 15 адам қатысқан. Келесі оқыту қыркүйек айында басталады деп күтілуде. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба келешекте Франция елінде жалғасын табуы мүмкін.