Өзге ұлт өкілдерінің балалары күй тартыс өткізді - ВИДЕО

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада 1 мамыр - Қазақстан халқының ынтымақ күні мерекесіне орай өзге ұлт оқушылары арасында ІІ қалалық «Домбыра-дастан» домбырашылар байқауы өтті.

Оған қала мектептерінің 10-14 жас аралығындағы өзге ұлт өкіл оқушылары қатысқан болатын.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаты - оқушылардың музыкалық-әсемдік тәрбиесін жетілдіру, орындаушылық шеберлігін арттыру, неғұрлым қабілетті, кәсіби келешегі бар оқушыларды айқындау, өзге ұлт өкілдері балаларының арасында қазақтың ұлттық домбырасын насихаттау арқылы өнерлерін дамыту.

Елордадағы №1 өнер мектебінде өткен байқауда 2 аталым бойынша мықтылар анықталды.

Олар: дәстүрлі ән (халық әні) мен Қазақстан композиторларының күйлері.

Байқау шарттары бойынша, әр мектептен қатысушылар саны 2-ден артық болмауы керек. Байқауға қатысушы қазақтың ұлттық киімімен шығуы тиіс.

Бағалау барысында қазылар алқасы шығарманы орындау шеберлігінің сапасына, сахна мәдениетіне, сахналық киім үлгісіне мән берді.