Өзгелер ғасырлар бойына жететін жетістіктерге біздің еліміз ширек ғасыр ішінде-ақ жетті - қала әкімі А. Есімов

АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат - Алматының Республика Сарайында Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты шара болып өтті. Қала әкімі Ахметжан Есімов тәуелсіздік жылдары еліміздің барлық салаларында айтарлықтай оң өзгерістердің болғандығын жеткізді.

Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінен хабарланды.

«Өзге елдер ғасырлар бойына жеткен жетістіктерге біздің еліміз ширек ғасыр ішінде-ақ жетті. Мемлекет басшысының салиқалы саясаты арқасында еліміз көлемді әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асырды. Бұл Қазақстанға дамыған мемлекеттер қатарына қосылып, әлемнің дамыған 50 елінің қатарына енуге жол ашуда», - деді Ахметжан Есімов.

Қала басшысы Алматыда алғаш рет тәуелсіз мемлекеттің негізгі актісі қабылданғанын айтты. Бүгінде мегаполис өзінің еліміздің экономикалық, қаржы, мәдени, білім орталығы жөніндегі мәртебесін одан әрі дамытуда. Ол сонымен қатар осы салалар бойынша Орталық Азия өңірінің де орталығына айналған.

«Биылғы жылы Алматы бюджеті 359 млрд. тңгені құрап отыр, бұл Армения, Қырғызстан, Тәжікстан сияқты мемлекеттер бюджетіне пара-пар», - деді Ахметжан Есімов.

Қала басшысы 2013 жылдың қоғамдық көлікті дамыту жылы болып жарияланғандығын, соның арқасында қала автопаркінің газбен жұмыс істейтін жаңа автобустармен, сондай-ақ троллейбус және трамвайлармен тоыққандығын, «Эко-такси» жобасының жүзеге асқандығын айтты. Әкім келер жылы экологиялық көліктің үлесі 60% болады деді. Қаланың жасыл қорыны да жаңартылуда.

«Жүзеге асқан шаралар арқасында Казгидрометтің мәліметі бойынша соңғы бес жыл ішінде ауаның залалдануы азайған. Егер 2008 жылы бұл көрсеткіш 13,3% болса, биыл 11,3% құрап отыр»,- деді Ахметжан Есімов.

Сөзінің соңында қала әкімі жүзеге асқан шаралардың барлығы Алматыны одан әрі дамытып, мәртебесін арттыра түседі деді.